print

Шет ауданында әлеуметтік тегін дүкен ашылды

...

       Шет ауданы әкімінің бастамасымен, Ақсу-Аюлы ауылдық округі әкімінің аппараты және "Ақтілеу" қайырымдылық қоры арқылы аудан орталығында әлеуметтік тегін дүкен ашылды. Дүкеннің ашылу салтанатына аудан әкімі М. Жандәулетов және де мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысып, ауыл ақсақалдары батасын беріп, әжелер шашуларын шашты. Дүкенге арналған орынды аудандағы кәсіпкер Мусаханов Рахметқали «БАҚ» сауда орталығы ішінен тегін ұсынған болатын.

       Және ауыл тұрғындары, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер қайырымдылық игі шараға біріге атсалысып көптеген киім-кешектер әкеліп тапсырса, картопты "Шерубай – су" ЖШС ұсынып, азық - түлік "Ақтілеу" қайырымдылық қоры арқылы және ауданымыздың жер қойнауын пайдаланушылар мен кәсіпкерлерден түскен қаражатқа сатып алынды.

       Тегін дүкенге жұмыспен қамту бөлімінің жолдамасы бойынша көп балалы, аз қамтылған отбасылар бекітілген. Бүгінгі күні аталмыш дүкен алғашқы рет жұмысын бастап, арнайы жолдамамен келген көптеген отбасы мүшелерін қабылдады.

       Енді дүкенде бекітілген отбасылар ай сайын азық-түлік пен отбасы мүшелеріне қажетті киім-кешектер мен тұрмыстық заттар алатын болады. Бүгінгі отбасыларға 10 кг жоғары сұрыпты ұн, 10 кг картоп, 3 кг қант, 3 кг күріш, 2 кг макарон өнімдері, күнбағыс майы мен шай берілді. Сондай-ақ, отбасы мүшелері дүкен ішінен таңдауларына қарай, киім-кешектер мен тұрмыстық заттар алды.

       Алдағы уақытта дүкенге бекітілген тізім ай сайын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен түзетіліп, толықтырылып отырады. Сонымен бірге дүкенде бекітілген отбасыларға бірінші қажеттіліктегі тауарлар болмаған жағдайда, дүкен ішіндегі арнайы журналға жазып қалдыру арқылы сұраныс беруге болады. Тағы бір қуантарлығы дүкенде жаңа киімдер мен аяқ киімдер жетерлік. Мұндай әлеуметтік тегін дүкендер Ақадыр, Ақжал, Мойынты және С.Сейфуллин атындағы кенттерінде де ашылу жоспарлануда.

                                                

                                                                                                                 Шет ауданы әкімінің

                                                                                                                 баспасөз қызметі.


Келулердің саны: 490


Жоғары