print

Құрметті аудан тұрғындары бірыңғай жиынтық төлем бойынша төменде көрсетілген ақпараттарды назарларыңызға ұсынамыз!

Мазмұны

  1. Бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не?
  2. Кім бірыңғай жиынтық төлемді төлеуге құқылы?
  3. Кім Бірыңғай жиынтық төлемді төлей алмайды?
  4. Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері қандай?
  5. Бірыңғай жиынтық төлем қалай төленеді?
  6. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу барысында комиссия ұстала ма?
  7. Бірыңғай жиынтық төлемнің төленген сомасы туралы мәліметті қайдан алуға болады?
  8. Бірыңғай жиынтық төлем не береді?
  9. Бірыңғай жиынтық төлемнің өзге режимдерден айырмашылығы неде?
  10. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін максималды табыс көзі бекітілген бе?
  11. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері қалай анықталады ?
  12. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер медициналық қызмет түрін ала алады?
  13. Төлем барысында қателік жіберілген жағдайда бірыңғай жиынтық төлем сомасы қайтарыла ма?
  14. Міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударымдардан босатылған төлеушілер төлеген Бірыңғай жиынтық төлем қалай бөлінеді?

 

1. Бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не?

Бірыңғай жиынтық төлем – жылына 1 175 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын табысы бар, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың кәсібін тіркеу тәртібін жеңілдетуді қарастыратын жаңа режим.

Бірыңғай жиынтық төлемді енгізудің негізгі мақсаты бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың кәсібін ресмилендіру және олардың әлеуметтік қорғау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.

 

  1. Кім бірыңғай жиынтық төлемді төлеуге құқылы?

Бірыңғай жиынтық төлемді табыс табу үшін кәсібін жүзеге асырып отырған жеке тұлғалар, мына талаптарға сәйкес келетін жағдайларда төлей алады:

1) жалдамалы жұмысшылардың күші қолданылмайды;

2) жеке тұлғалар үшін қызмет көрсетіп, жұмыс істейді;

3) жеке қосалқы шаруашылықтан өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн жеке тұлғаларға ғана өткізеді.

 

3. Кім Бірыңғай жиынтық төлемді төлей алмайды?

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер ретінде мына санаттағылар танылмайды:

1)    коммерциялық жылжымайтын мүлiк объектiлерiнің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның iшiнде меншік, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару құқығындағы объектілердің аумағында қызмет көрсетіп жүрген тұлғалар;

2)    тұрғын жайды қоспағанда, мүлікті мүлiктiк жалға (жалдауға) беретін адамдар;

3)    жеке практикамен айналысатын адамдар;

4)    оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

5)    дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдар.

 

4. Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері қандай?

Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары үшін - 1 айлық есептік көрсеткішті (2019 жылы 2 525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – айлық есептік көрсеткіштің жартысын (2019 жылы 1 262,5 теңге) құрайды.

Бірыңғай жиынтық төлем төрт міндетті төлемнің басын бір төлемге біріктіреді;

-10% - жеке табыс салығы;

-20 % - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;

-30 % - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы;

- 40 % - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері нақты белгіленген. Яғни жеке тұлға өз бетінше әлеуметтік қорларға жарналар мен төлемдерді есептеп, аудармайды.

 

5. Бірыңғай жиынтық төлем қалай төленеді?

Бірыңғай жиынтық төлем банктер мен жекелеген банктік операциялар жасайтын ұйымдар арқылы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік есеп-шотына аударылады. Бірыңғай жиынтық төлемді адам өзі төлей алады немесе үшінші жақ оның пайдасына жылдық күнтізбенің айын көрсете отырып төлеуге құқылы. Бірыңғай жиынтық төлем жасау үшін тұлға жеке куәлігін ұсынуы керек.

Сонымен қатар, бірыңғай жиынтық төлемді жылдың ағымдағы және келесі айлары үшін төлеуге болады.

Мемлекеттік корпорация 3 күн ішінде келіп түскен соманы тиісті әлеуметтік төлемдерге (МӘСҚ, БЖЗҚ, ӘМСҚ) және төлем жасаушының тұрғылықты жері бойынша бюджетке салық түрінде аударады.

Бірыңғай жиынтық төлемді онлайн арқылы төлеу Қазпошта сайты және терминалдары, сондай-ақ Каспий банктің kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Өзге банктердің мобильді қосымшасы банктермен жеке әзірленіп жатыр.

 

6. Бірыңғай жиынтық төлем жасау барысында комиссия ұстала ма?

Бірыңғай жиынтық төлем төлеу үшін комиссия банктермен және жекелеген банктік операциялар жасайтын ұйымдармен жеке бекітіледі.

 

7. Бірыңғай жиынтық төлемнің төленген сомасы туралы мәліметті қайдан алуға болады?

ҚР Салық Кодексіне сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке сәйкестендіру нөмірінің базасында бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің дербестелген есебін жүргізеді. Сәйкесінше, бірыңғай жиынтық төлемнің төленген сомасы туралы мәліметті Мемлекеттік корпорацияның бөлімшелерінен алуға болады.

 

8. Бірыңғай жиынтық төлем не береді?

Бұл төлемді жасау тек өз кәсібін жеңілдетілген түрде тіркеуді ғана емес, сондай-ақ мына мүмкіндіктерді береді:

1) Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер медициналық мекемені таңдай отырып, міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады;

2) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыса отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер ала алады (еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілік және босану, жаңа туған нәрестені асырап алу және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша);

3) зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен тиісті көлемде зейнетақы алатын болады.

Бірыңғай жиынтық төлем аясында неғұрлым көбірек төлем жасаса, соншалықты оның зейнетақы төлемдерінің көлемі де көп болады.

 

9. Бірыңғай жиынтық төлемнің өзге режимдерден айырмашылығы неде?

1) бірыңғай жиынтық төлемді төлегенде кәсібі автоматты түрде тіркеледі;

2) төлем көлемі нақты бекітілген және әлеуметтік аударымдарды қосымша есептеудің қажеті жоқ;

3) табыс көзі бойынша салық есебін берудің қажеті жоқ.

 

10. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін максималды табыс көзі бекітілген бе?

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің табысының максималды шегі жылдық күнтізбеде 1 175 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс (2019 жылы 2 966 мың теңге жылына немесе 247 мың теңге айына).

 

11. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері қалай анықталады?

Әлеуметтік төлемдердің көлемі жүйеге қатысушының әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табысына, еңбек өтілі мен табысты алмастыру коеффиценттеріне сәйкес анықталады.

ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру турылы» Заңына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін өзінен әлеуметтiк аударымдар жүргізілген әрбір айдағы кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген бiр ең төмен жалақы мөлшерінің деңгейiнде қабылданады.

 

12. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер қандай медициналық қызмет түрін ала алады?

Кепілдендірілген медициналық көмектің үстіне, бірыңғай жиынтық төлем төлеуші мынадай қызметтерді алады:

- амбулаторлық медициналық қызметтер (бейінді маманның кеңестері);

- диагностика, оңалту және стационарда жоспарлы емделу;

- лабораториялық қызмет түрлері және рецептпен берілетін дәрі-дәрмек.

 

13. Төлем барысында қателік жіберілген жағдайда бірыңғай жиынтық төлем сомасы қайтарыла ма?

Төлем барысында қателік жіберілген жағдайда бірыңғай жиынтық төлем сомасын қайтаруды Мемлекеттік корпорация мынадай жағдайларда:

1) төлем құжатының деректемелерінде қателіктер жіберілгенде;

2) бiр төлем құжатында бірыңғай жиынтық төлем сомасы бір ғана кезеңге және бір ғана жеке тұлғаға екі және одан көп рет аударылған;

3) төлемнің тізімдік бөлігінде қателік жіберілген;

4) бірыңғай жиынтық сомасы бекітілген мөлшерге сәйкес келмегенде;

5) жеке тұлғаның мемлекеттік деректер базасында төлем жасаушының тұрақты тіркелуі болмағанда;

6) жеке тұлғаның мемлекеттік деректер базасында тұрақты тіркелген жері бойынша тиісті аумақтық мемлекеттік кірістер органдары болмаған жағдайларда жүзеге асырады.

Бірыңғай жиынтық төлем қате төленген сомаларын қайтару үшін төлеуші, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Мемлекеттік корпорацияға белгіленген нысан бойынша қайтаруға өтініш береді. Оған жеке төлем құжатының не бірыңғай жиынтық төлем төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса берілуі керек.

Бұл орайда Бірыңғай жиынтық төлем аударылған сомасы мынадай жағдайда қайтарылмайды, егер;

1) төлем жасаушының талап еткен сомасы аударылған сомаға сәйкес келмесе;

2) төлеушінің өтінішінде төлеушінің деректемелері (жеке сәйкестендіру нөмірі), төлем деректемелері (төлем тапсырмасының нөмірі және (немесе) күні және (немесе) сомасы) дұрыс көрсетілмесе;

3) төлеуші өтінішінің нысаны белгіленген үлгіге сәйкес болмаса;

4) төлеушiнiң өтiнiшiнде қайтарудың дұрыс емес себебi көрсетiлген (бiр себептен артық таңдау) жағдайларда қайтаруға жатпайды.

 

  1. Міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударымдардан босатылған төлеушілер төлеген Бірыңғай жиынтық төлем қалай бөлінеді?

Мұндай жағдайда, Бірыңғай жиынтық төлем әлеуметтік төлемдерге бөлуге жатпайды және Мемлекеттік корпорация жеке табыс салығы түрінде төлеушілердің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджеттерге әлеуметтік төлемдердің сомасына аударады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Келулердің саны: 653


Жоғары